Ұлытау облысы 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан өңірлері арасында орташа айлық жалақы деңгейі бойынша көшбасшы атанды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қаңтар-наурыз айларында Ұлытау облысындағы орташа жалақы 637,3 мың теңгені құрады. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен (445,1 мың теңге) 43,2%-ға немесе 192,3 мың теңгеге жоғары.
Екінші орынды Атырау облысы иеленді, мұнда орташа жалақы 610,1 мың теңгені құрады. Үшінші орында Маңғыстау облысы – 608,4 мың теңге. Одан кейінгі орындарда Астана (559,9 мың теңге) және Алматы (551,6 мың теңге) тұр.
Ең төменгі орташа айлық жалақы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді – 308,2 мың теңге. Одан кейін Жамбыл облысы (319 мың теңге), Түркістан облысы (324,9 мың теңге) және Шымкент (328,6 мың теңге) орналасқан.
Ұлытаудың жоғары көрсеткіштері көбінесе өңірдің өнеркәсіптік мамандануымен түсіндіріледі. Облыс экономикасының негізін тау-кен металлургия кешені құрайды, мұнда дәстүрлі түрде еңбекақының жоғары деңгейі сақталады. Аймақтағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі – «Қазақмыс» компаниялар тобы, оның кәсіпорындары мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етеді және өндірісті дамыту жобаларын жүзеге асырады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, салалар бойынша ең жоғары жалақыны тау-кен өнеркәсібі қызметкерлері алады – орта есеппен айына 1 020 632 теңге. Екінші орында ақпарат және байланыс саласы – орташа жалақы 779 288 теңге. Өнеркәсіпте орташа айлық еңбекақы 620 мың теңгеден асады, ал көлік және қоймалау саласында 600 мың теңгеге жақындайды.
