Ұлытау облысының Қаражал қаласындағы "Восточный" карьері аумағында марганец кенін заңсыз өндіруді ұйымдастырған адамдар тобының әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасы

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер заңсыз кен өндіру үшін ауыр карьер техникасын — экскаваторлар, тиегіштер мен самосвалдарды пайдаланған.

"Карьер аумағында өндірістік база жабдықталып, онда өндірілген шикізат ұсақтау-жуу кешені арқылы өңделген. Кейін кен жүк автокөліктерімен тиісті құжаттарды пайдалана отырып, ел аумағынан тыс жерге шығарылған", — деп жазылған хабарламада.

Залал көлемі

Нәтижесінде сатылған марганец кенінің көлемі 4 мың текше метрден асып, оның құны 950 млн теңгеден асады.

Тергеу жалғасып жатыр.