Ұлыбританияның қорғаныс саласындағы BAE Systems компаниясы Украинадағы серіктесімен келісімге қол қойып, елде L119 Light Gun сүйретпелі 105 миллиметрлік гаубицаларын өндіруді бастауға мүмкіндік жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

BAE Systems Украинада Light Gun артиллериялық жүйесін жергілікті жерде өндіруге қолдау көрсету үшін өзінің стратегиялық қорғаныс саласындағы серіктесімен лицензиялық келісімге қол қойды. Компанияның мәліметінше, алғашқы кезеңде украиналық тарапқа техникалық құжаттама мен BAE Systems мамандарының көмегі ұсынылады. Бұл алғашқы зеңбіректі сынақтан өткізу үшін жасап шығаруға мүмкіндік береді. Осыдан кейін Украина армиясының талаптарына бейімделген гаубицаның нұсқасын әзірлеу жоспарланып отыр.

BAE Systems бұл келісім Украинаға қолдау көрсету және оның қорғаныс өнеркәсібін дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі екенін атап өтті. Өткен аптада BAE Systems құны 61 миллион фунт стерлинг (82,5 миллион доллар) болатын келісімшарт аясында Украинаға Ұлыбританияда өндірілген 105 және 155 миллиметрлік артиллериялық зеңбірек ұңғыларын жеткізуді бастағанын хабарлаған еді.