Осыдан 84 жыл бұрын 22 маусымда фашистік Германия және оның жақтастары Кеңес Одағына баса көктеп кірді. Төрт жылға созылған Ұлы Отан соғысында 25-27 миллион адам қаза болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Германия II Дүниежүзілік соғысты 1939 жылы қыркүйек айында бастап кетті. Ол кезде қарулы қақтығыстар Еуропа жерінде жүріп жатты. Сұрапыл соғыс Кеңес Одағына келеді деп ешкім ойламаған. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия КСРО-ға баса көктеп кірді. Олармен бірге Румыния, Венгрия, Финляндия, сондай-ақ, Хорватия, Словакия, Испания, Голландия, Норвегия, Дания, Швеция және Еуропаның басқа да елдерінің ерікті құрылымдары болды. Германияның одақтастары – Италия мен Жапония да КСРО-ға қарсы шықты.

Мұрағат деректеріне сәйкес, сол күні Кеңес Одағының шекарасын жаудың шамамен бес жарым миллион солдаты мен офицері кесіп өтті. Ал жұмысшылар мен шаруалардың Қызыл Армиясында бар болғаны бес миллионнан астам адам болды. Жалпы Ұлы Отан соғысы басталғанда неміс армиясы мен оның одақтастарының саны 11 миллионнан асты. КСРО бұл соғысқа дайын болмай қалды.

Неміс-фашист басқыншылары КСРО-ға қарсы соғысты 22 маусымда тура сағат 4:00-де бастаған. Алайда мұрағат материалдары бойынша шекараны бұзу әрекеттері одан бұрын басталған. Түнгі сағат 3:30-да жаудың авиациясы Беларусьтың Брест, Гродно, Барановичи, Кобрин және тағы басқа қалаларына соққы жасады. Бірнеше минуттан кейін неміс ұшақтары Украинаға бомба тастай бастады. Артынан Балтық жағалауы елдерін шабуылдады. Таңғы сағат бестің кезінде бас қолбасшы Иосиф Сталинге неміс жаяу әскерінің Батыс және Балтық жағалауына қарай шыққаны туралы хабар берілді. Шамамен осы уақытта фашистердің артиллериясы Брест қамалына оқ жаудырды.

КСРО-ның сол кездегі басшысы Сталин Германия мен оның одақтарының соғыс ашқанына бірден сенген жоқ. Таңғы сағат 4:30-да Кремльде өткен саяси бюро мүшелерінің кеңесінде ол шекарадағы жағдайды Германия тарапынан жасалған араңдатушылық әрекет деп санайтынын айтты. Жарты сағаттан кейін ғана Германияның КСРО-дағы елшісі, граф фон Шуленбург халық комиссары Молотовқа "Германия сыртқы істер министрлігінің Кеңес үкіметіне арналған нотасын" тапсырды. Осы құжатта Германияның КСРО-ны Еуропаның шығыс шекарасындағы үлкен қауіп ретінде қарастыратыны, сол себепті Гитлердің бұл қауіп-қатерді жоюға бұйрық бергені туралы жазылды. 22 маусымда түске қарай сыртқы істер халық комиссары Вячеслав Молотов радио арқылы Ұлы Отан соғысының басталғанын мәлімдеді.

Ұлы Отан соғысы кезінде қан майданға қазақ жерінен 1,5 миллионға тарта адам аттанған. Қолына қару алған әрбір екінші отандасымыз Жеңіс үшін жанын пида етті. 600 мыңнан астамы отанына оралған жоқ. Қазақстанда барлығы 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және қарулы күштер мен әскер түрлерінің әр саладағы жеке бөлімдері құрылды.