Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов алдағы үш жылда ұлттық қордан алынатын қаржының көлемін жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның айтуынша, кепілдендірілген трансферт көлемі 2027 және 2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге, ал 2029 жылы 2 трлн теңге көлемінде айқындалып отыр.

Бұдан бөлек, аса маңызды нысандар мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028 – 2029 жылдары әр жылға 1,5 трлн теңге – барлығы 5 трлн теңге нысаналы трансферт қарастырылған.

Осылайша 2027–2029 жылдары Ұлттық қордан жалпы көлемі 11,86 трлн теңге қаржы алынады.

"Үкімет жоспарына сәйкес, қаражат әлеуметтік, коммуналдық, энергетикалық және көлік инфрақұрылымы объектілерін қаржыландыруға бағытталады", - деді Сүлейменов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетері, 2025 жылы ұлттық қордан 5,7 трлн теңге, ал 2024 жылы 6 трлн теңгеден артық қаражат алынған болатын.