Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор қаражатының тек стратегиялық маңызды жобаларға жұмсалатынын, оңды-солды жұмсалмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Құрылтайдың бірінші сессиясында сөйлеген Президент Ұлттық қор қаражатын бөлу тек ұзақ мерзімді пайдасы бар жобаларға жүзеге асырылатынын атап өтті. Ол қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы туралы қауесеттерді жоққа шығарды.
«Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады. Кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді», - деді Тоқаев.
Президент Ұлттық қордың пайдасын балалар қазірдің өзінде көріп отырғанын еске салды. Олардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр. Ендігі кезекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамыту керек.
«Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы ондаған жыл, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда кеңірек тоқталамын», - деп түйіндеді Тоқаев.
