Ұлттық банк кейбір кредиттер бойынша қарыз жүктемесі коэффициентін қолдану мерзімін кейінге шегерді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл шешім ипотекалық кредиттеу мен автокредиттеу нарығындағы жағдайға жасалған талдаудың нәтижесінде қабылданып отыр.

Қандай кредиттерге жеңілдік қолданылады

Оған сәйкес, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі мен автокредит бойынша қарыз беру кезінде борыш жүктемесі коэффициентін (БЖК) міндетті түрде сақтау талаптары уақытша қолданылмайды:

  • 01тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі ішінде берілетін қарыздар үшін 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
  • 02автокредиттер үшін 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін.

Автокредитке қойылатын талаптар

Автокредитке алынатын көліктерге қатысты талаптар да айқындалып отыр. Олар:

  • 01пайдалануда болмаған және Қазақстан аумағында алғаш рет тіркелетін әрі қарыз бойынша кепілмен қамтамасыз етілетін жаңа автокөлік;
  • 02бастапқы жарнасы өз құнының 50%-ын құрайтын және қарыз бойынша кепілге қойылатын қолданыста болған автокөлік;
  • 03пайдаланылған мерзімі 3 жылға дейінгі, бастапқы жарнасы өз құнының 30%-ын құрайтын және қарыз бойынша кепілге қойылатын автокөлік.

Айта кетері, биыл шілде айынан бастап кредит беру тәртібі өзгерген болатын. Жаңа ережеге адамның қарыз жүктемесінің коэффициенті мен ай сайынғы табысқа қарыз коэффициенті енгізілді.