Қазақстан Ұлттық банкі телефонмен айласын асыратын алаяқтар жаңа әдіске көшкенін ескертті. Бұл жолы олар өзін жеткізу қызметінің қызметкері ретінде таныстыруға көшкен. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Алаяқтардың жаңа схемасы

«Алдымен азаматтарға курьер немесе пошта қызметі атынан қоңырау шалып, сәлемдеме келгенін хабарлайды. Жеткізуді растау үшін SMS-хабарламадағы кодты сұрайды. Алаяқтар адамды әдейі асықтырып, SMS-хабарламаның негізгі мазмұнымен мұқият танысуға мүмкіндік бермейді. Яғни, курьер жіберілетін затты күтіп тұрғанын, тез жауап бермесе алушы өз кезегінен айырылып қалатынын алға тартады», — дейді банкте.

Ал егер телефондағы әңгіме үзілетін болса, жеткізу қызметін қайта рәсімдеуге тура келетінін айтып асықтыруы мүмкін.

Екінші кезең: eGov атын жамылу

«SMS-кодты алғаннан кейін алаяқтар келесі әдіске көшеді. Ол кезде азаматқа қоңырау шалған адам өзін цифрлық үкіметтің (eGov) өкілі деп таныстырады. Әңгіме барысында оның есептік жазбасы бұзылғанын айтып, алаяқтар жеке деректерін көшіріп немесе қолды қылып жатқан болуы мүмкін деп қауіптендіреді», — деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар сенімге кіру үшін азаматтың өзін қорғау мақсатында «Стоп-кредит» қызметі қосылғанын, ал жағдайдың өзі құқық қорғау органдарының немесе «Ұлттық Банктің қауіпсіздік қызметінің» бақылауында екенін мәлімдеуі мүмкін. Әрі қарай қоңырау желісі алаяқтық схемаға қатысатын басқа адамға да жалғанатын кездер болады.

Психологиялық қысым

Мұндай қитұрқы әрекеттердің түпкі мақсаты – қалай да азаматтың ақшасына иелік ету. Осындай схемалар арқылы алаяқтар өз құрбанына психологиялық қысым көрсетуге тырысады. Қаскөйлер екеу ара әңгіменің құпиялылығын сақтау керек деген желеумен телефонды үзбеуге, болып жатқан жағдай туралы басқа адамға айтпауға үндеуі мүмкін. Тіпті кейбір жағдайларда олар ақпаратты жария еткен адамға қылмыстық жауапкершілік көзделгенін айтып қорқытады. Ал, егер әңгімені үзер болса, оның қаражаты мен дербес деректерін қорғауға бағытталған процедуралардың бәрі күшін жояды деп сендіреді. Мұндай қысым азамат жақындарынан, банктен немесе құқық қорғау органдарынан кеңес алмауы үшін айналасынан көмек сұрау мүмкіндігін шектеуге бағытталады.

Ұлттық банктің ұсыныстары

«Телефонға келген SMS-хабарламаны мұқият оқуға, жіберуші тарапты тексеруге және SMS-кодты ешкімге айтпау керек. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені үзіп, тиісті ұйымның ресми телефон нөміріне азаматтың өзі хабарласқаны дұрыс. Ұлттық Банктің қызметкерлері аудио/видеоқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, инвестициялық пай қорларына немесе өзге де қаржы өнімдеріне инвестиция салуға кеңес бермейді», — дейді Ұлттық банкте.

Сондай-ақ Ұлттық Банк ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайды, банк картасының паролі мен деректемелерін сұратпайды және халықпен ақшалай есеп айырыспайды.