Қостанай, Алматы және Астана қалаларының тұрғындары 12 шілдеде ауаның ластану қаупі туралы ескертілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы «Курсив» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазгидромет» мәліметінше, бұл қалаларда атмосфералық ауаның жер бетіне жақын қабатында ластаушы заттардың жиналуына ықпал ететін жағдайлар қалыптасуы мүмкін. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қысқа мерзімді ауа райы факторларының – тымық, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсияның үйлесуі кезінде пайда болады. Осыған байланысты зиянды заттар жер бетінде жиналып, ауа сапасын нашарлатуы мүмкін.
Мұндай кезеңдерде тұрғындарға ашық ауада, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өздерімен бірге алуға кеңес беріледі.
Бұған дейін «Курсив» синоптиктердің Қазақстанның барлық өңірлерінде дауылды ескерту жариялағанын хабарлаған болатын. Негізгі себептер – аномальды ыстық, сондай-ақ жергілікті жаңбыр мен найзағай.
