Келесі аптадан бастап үш ақылы жолда орташа жылдамдықты өлшеу жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, 9 қарашадан бастап республикалық маңызы бар жолдардың бірнеше учаскесінде барлық көліктің орташа жылдамдығы өлшенеді.
Бақылау учаскелері мен рұқсат етілген жылдамдықтар
- 01**Алматы – Қорғас:** Ұйғыр – Панфилов аймағы – 50+832 км, рұқсат етілген жылдамдық – 120 км/сағ.
- 02**Қарағанды – Бұрылбайтал:** Шұбартүбек – Гүлшат аймағы – 42+158 км, рұқсат етілген жылдамдық – 140 км/сағ.
- 03**Қарағанды – Бұрылбайтал:** Гүлшат – Тасарал аймағы – 42+550 км, рұқсат етілген жылдамдық – 140 км/сағ.
- 04**Қызылорда – Арал:** Ақжарма – Ақжар аймағы – 48+239 км, рұқсат етілген жылдамдық – 100 км/сағ.
- 05**Қызылорда – Арал:** Ақжар – 103-разъезд аймағы – 122+421 км, рұқсат етілген жылдамдық – 100 км/сағ.
- 06**Қызылорда – Арал:** 103-разъезд – Әйтеке би аймағы – 95+871 км, рұқсат етілген жылдамдық – 100 км/сағ.
Жүйенің ерекшелігі
Жүйенің басты ерекшелігі сол, көліктің жылдамдығы тек камера орнатылған жерде емес, бүкіл бақылау аймағында есептеледі.
«Арнайы құрылғылар көліктің бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын тіркейді. Осы мәліметтер негізінде жүріп өткен қашықтық пен жұмсалған уақыт есепке алынып, орташа жылдамдық автоматты түрде анықталады. Егер жүргізуші белгіленген жылдамдық шегінен асса, құқықбұзушылық туралы мәлімет тиісті уәкілетті органдарға жолданады», – дейді мамандар.
Бұған дейін ақылы жолдарды күтіп ұстау шығынын өз кірісі есебінен жабу мәселесі талқыланғаны хабарланған болатын.
