Үндістан Республикасының Парадип портында 23 теңізшіден тұратын экипажы бар MT UNITY кемесі ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан СІМ Ресми өкілінің мәліметінше, теңізшілердің бірі — Қазақстан азаматы.

«Кеменің ұсталуы оның иесінің жергілікті жанармай жеткізушісі алдындағы қаржылық қарызына байланысты болып отыр. Қазақстандық дипломаттар отандасымызды елге қайтару үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр», — делінген хабарламада.

Айтуларынша, Үндістан Сыртқы істер министрлігіне мәселені шешуге жәрдем көрсету туралы өтінішпен тиісті дипломатиялық нота жолданған.

Ұсталған азамат, оның отбасы мүшелері де Қазақстанның шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктеріне көмек сұрап өтініш білдірмеген.

Мәселе Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.