Үндістанның оңтүстігіндегі Керала штатындағы құтқару топтары нөсер жаңбырдан кейін болған көшкін салдарынан хабарсыз кеткен бес адамды іздестіру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Associated Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Вайанад ауданындағы тоннель құрылысы алаңында болған көшкін салдарынан кем дегенде үш адам қаза тапты. Жеті жұмысшы жарақат алып, ауруханада ем қабылдауда.

Жергілікті полиция өкілі Дэваманохардың айтуынша, аумақ аймақтарға бөлініп, құтқарушылар, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен іздестіру иттері қатты жаңбырға қарамастан іздестіру жұмыстарын жүргізуде.

Видео кадрларда нөсер жаңбырда үлкен топырақ үйіндісінің опырылып, ағаштарды жұлып, тоннель құрылысы алаңындағы металл және мата бөгеттерді шайып кеткені көрсетілген.

Кераланың ішкі істер министрі Т. Сиддик журналистерге бұл «табиғи көшкін емес, топырақты ғылыми емес тәсілмен үюден туындаған адам қолымен жасалған көшкін» екенін айтты. Оның сөзінше, ресми ескертулерге қарамастан құрылыс қалдықтары тазаланбаған.

Құрылыс компаниясы жауапкершілікті мойындамай, көшкін жұмыс алаңынан әлдеқайда жоғарыдан басталғанын мәлімдеді.

Билік оқиға бойынша тергеу бастады.

Өткен жылы Үндістан бойынша нөсер жаңбыр, су тасқыны мен көшкіндер көптеген адам өліміне және мүліктік шығынға әкелді.

Сарапшылардың айтуынша, адам әрекетінен туындаған климаттың өзгеруі Оңтүстік Азиядағы муссондарды күшейтіп, жаңбырлар бұрынғыдай тұрақты емес, қысқа уақыт ішінде шамадан тыс жауып, содан кейін құрғақшылыққа әкелуде.