Үндістанда тұтқындалған Unity танкерінің экипажы кеме сатылғанша бортта қалуы мүмкін. Бұл туралы 17 қазанда ТАСС агенттігіне экипаж мүшелерінің бірінің туысы хабарлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттік сұхбаттасқан туысқанның айтуынша, экипаж әзірге танкерден шыға алмайды. Алдымен бортқа ауысымдық команда келуі керек.
«Бізге кемені сатпақшы деп айтты. Біздің жігіттерді сатылғанға дейін оның үстінде қалдырып кетпесе екен деп қорқамыз», — деді теңізшінің туысы.
Unity кемесін кім сатып алмақшы және мәміле қашан болатыны әзірге белгісіз.
Бұған дейін туыстар теңізшілердің денсаулығы мен моральдық жағдайының нашарлағанына шағымданған. Экипаж мүшелерінің бірі ауруханаға жатқызылды.
«Курсив» бұған дейін жазғандай, танкер 11 мамырда Парадип портының жанында кеме иесіне қатысты қаржылық талаптарға байланысты тұтқындалған. Сол кезде жарияланған деректерге сәйкес, экипажда 23 адам болған: бір қазақстандық, 20 ресейлік және екі Мысыр азаматы.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Үндістан тарапына отандасты үйіне қайтаруға көмектесу өтінішімен дипломатиялық нота жолдаған. Қыркүйекке қарай кейбір теңізшілер кемеде он айдан астам уақыт болған, ал келісімшарттардың көпшілігі аяқталған немесе аяқталуға жақын еді.
Қазан айында «Курсив» сот экипажды кеме иесі тастап кеткен деп танығанын хабарлаған. Теңізшілерге жалақы төленбеген, қажетті қорлармен қамтамасыз етілмеген және үйге қайтару ұйымдастырылмаған. Кейінірек сақтандырушы қарызды өтеп, жабдықтауды жолға қойған, алайда команда бортта қала берген.
6 қазандағы шешіммен сот үндістандық билікке теңізшілерді кемеден шығаруды, үйге жіберуді және экипажды ауыстыруды ұйымдастыруды тапсырған. Бұны қаулының көшірмесі алынған күннен бастап үш апта ішінде, мүмкіндігінше тезірек орындау керек деп көрсетілген.
Кейінірек адвокаттар теңізшілерге 28 қазанға дейін кетуге уәде берген. Алайда Калькуттадағы ресейлік бас консулдық қайтарудың нақты мерзімі мен тәртібі әлі анықталмағанын нақтылады.
