Үндістан 18 шілдеде жеке компания Skyroot Aerospace әзірлеген Vikram-1 жеңіл класты зымыранын сәтті ұшырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Зымыран Шрихарикота аралындағы Сатиш Дхаван атындағы ғарыш орталығынан ұшырылды. Aagaman («Келу») деп аталатын сынақ миссиясы толық сәтті өтті. Зымыран 13 минут ішінде 450 шақырым биіктіктегі төменгі орбитаға демонстрациялық жүкті шығарды.

Vikram-1 төрт сатылы зымыран. Оның биіктігі 20–22 метр, диаметрі 1,7 метр. Зымыран төменгі орбитаға 350 кг-ға дейін жүк шығара алады. Корпусы салмақты азайту үшін көміртекті композитті материалдардан жасалған. Алғашқы үш сатысы қатты отынмен, ал төртінші сұйық отынмен жұмыс істейді. Төртінші сатының қозғалтқыштары 3D басып шығару арқылы жасалған. Зымыранның 90%-дан астам бөлшектері Үндістанда өндірілген.

Осы ұшырумен Үндістан АҚШ пен Қытайдан кейін жеке компанияның толық өз әзірлемесімен жүкті орбитаға шығарған әлемдегі үшінші ел болды.

Бірінші рейсте Vikram-1 бірнеше CubeSat микроспутниктерін және үндістандық және шетелдік клиенттердің эксперименттік жүктерін жеткізді. Олардың ішінде: - CosmoServe компаниясының ғарыш қоқысын жоюға арналған роботтандырылған манипуляторлары; - Зертханада өсірілген жасанды алмаз; - Премьер-министр Нарендра Модидің қолжазба «Vande Mataram» жазуы бар ашықхат.