Су ресурстары және ирригация министрлігі Үлкен Алматы каналының 125 шақырымнан астам бөлігін бетондау бойынша үш кезеңнен тұратын жоба әзірлеп жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының учаскелерін реконструкциялау жұмыстарының нәтижесімен танысты.

«Келесі жылдың вегетация кезеңіне дейін каналдың толық дайын болуын қамтамасыз ету қажет. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізуде ешқандай мәселе болмауы керек. Сонымен қатар Үлкен Алматы каналының басқа учаскелерін реконструкциялауға қажетті құжаттарды әзірлеу жұмыстарын уақытылы аяқтау қажет», – деді Нұржігітов.

Биылғы жұмыстар

Айта кетейік, биыл каналдың жалпы ұзындығы 1,53 шақырым болатын апатты учаскелерін реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Су шығынын азайту және 33,3 мың га жерді сапалы суаруды қамтамасыз ету мақсатында арнаны монолитті темірбетонмен қаптау жұмыстары жүргізілді.

Үш кезеңді жоспар

Жалпы Үлкен Алматы каналын үш кезеңмен реконструкциялауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта ұзындығы 15,6 шақырым болатын учаскені бетондау жобасы әзірленді. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 110 шақырым болатын басқа учаскелерді реконструкциялауға қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Жұмыстың үшінші кезеңінде Үлкен Алматы каналының бас су құрылысы жөнделеді.