Үкімет резервінен KazSat-3R ғарыштық байланыс жүйесін құру жобасын жүзеге асыруға 10,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жоба ұлттық спутниктік байланыс жүйесі мен телекоммуникация саласын дамытуға бағытталған. Бөлінген қаражат қолданыстағы KazSat-3 аппаратын алмастыратын жаңа KazSat-3R спутниктік байланыс жүйесін жасауға жұмсалады. KazSat-3-тің жоспарланған пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Жаңа аппарат ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.

Жобаны жүзеге асыру спутниктік байланыс желілері мен телерадио хабар тарату жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, халық аз қоныстанған және шалғай елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік деңгейі артып, Қазақстанның технологиялық егемендігі нығаяды.

Қазіргі таңда KazSat ғарыштық байланыс жүйесінің мүмкіндіктерін еліміздің ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік құрылымдар пайдаланады. Жүйе арқылы телерадио хабарларын тарату, деректерді жеткізу, мобильді байланыс және интернет қызметтері көрсетіледі. Жүйеге 19 байланыс операторы қосылған және телехабар тарату қызметін 2 млн-нан астам абонент пайдаланады.

Осылайша, KazSat-3R байланыс спутнигін жасау және Жерді қашықтан зондтау саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру Қазақстанның ғарыш саласының одан әрі дамуына және оның технологиялық әлеуетінің артуына ықпал етеді.