Мәжіліс депутаттары екі халықаралық банктен қарыз алу туралы келісімдерді ратификациялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Халықаралық қайта құру және даму банкінің қарызы 92,3 млрд йенді (қазіргі курспен 276,9 млрд теңгені) құрайды. Екінші қарызды Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен алынады, оның көлемі 62,3 млрд йен (қазіргі курспен 186,9 млрд теңге). Бұл қарызда 5 жылдық жеңілдік кезеңі қарастырылған, ал 11 жылдың ішінде қайтару қажет.
Үкімет бұл ақшаны республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға және әлеуметтік-экономикалық ахуалдың тұрақтылығын қолдауға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыруға жаратуды көздеп отыр. Халықаралық кредиттің сыйақы мөлшерлемесі TONA (Tokyo Overnight Average Rate) + ауыспалы спред болып белгіленген. Біржолғы комиссия қарыз сомасының 0,25% процентін құрайды. Ал резервке қойғаны үшін комиссия қарыз қаражатының игерілмеген қалдығына жылдық 0,25 процент есептеледі.
