Үкімет президенттің биылғы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жолдауды жүзеге асыру үшін 96 іс-шара қарастырылған. Олардың басым бөлігіне үкімет жауапты.

Жоспардағы негізгі бағыттар

Жоспарға «Халықтық құрылыс» жобасын іске асыру, Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беру, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастау, сондай-ақ жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағыларын жаңғырту енгізілген.

Атом энергетикасын дамытуға да ерекше көңіл бөлінген.

«2027 жылдың соңына дейін АЭС-тердің өз қажеттіліктеріне арналған уранның мемлекеттік стратегиялық қорын қалыптастыру және «Мойынқұм» АЭС-і бойынша үкіметаралық келісімге қол қою жоспарланып отыр. Сонымен қатар салаға қажетті білікті кадрларды даярлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіледі», – деді Серік Жұманғарин үкімет отырысында.

Әлеуметтік және экономикалық шаралар

Бұдан бөлек, жалпыұлттық жоспарда ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру көзделген.

Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарына еңбек өтілі мен жүктемесіне қарай сараланған қосымша төлемдер енгізу арқылы жалақысын арттыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін қолдау шаралары қарастырылған.

Ал микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің мақсатқа сәйкестігі туралы шешім қабылданады.