Алматы мемлекеттік табиғи қорығында орнатылған фотокақпан Тянь-Шань қоңыр аюларының өміріндегі бірегей сәттерді түсіріп алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеоны экология және табиғи ресурстар министрлігі жариялады. Ведомствоның хабарлауынша, бұл кадрлар аюдың табиғи тіршілігін, оның мінез-құлқы мен жабайы табиғаттағы өмір салтын көруге мүмкіндік береді.
Тянь-Шань қоңыр аюы: сирек кездесетін түр
Тянь-Шань қоңыр аюы – қоңыр аюдың сирек, оқшауланған түршесі. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына және Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген.
Бұл аюлар салыстырмалы түрде кішірек көлемге ие: дене ұзындығы 1,5-2,2 метр, салмағы 135-200 келі. Дегенмен, өте ірі дарақтар да кездеседі. Басқа аюлардан ерекшелендіретін басты белгісі – алдыңғы аяқтарындағы ұзын ашық түсті тырнақтар.
Қоректенуі және тіршілік ерекшеліктері
Тянь-Шань қоңыр аюы – жан-жақты қоректенетін жануар. Ол шөптермен, тамырсабақтармен, пиязшықтармен, жемістермен және жидектермен қоректенеді. Кейде суырлар мен шақылдақтарды аулайды. Өлекседен де бас тартпайды.
Төлдеу қыста інде өтеді, әдетте 1-2 күшік туады.
Жазғы тіршілік белсенділігі
Жазғы кезеңде Тянь-Шань қоңыр аюы белсенді өмір салтын жүргізеді. Бұл уақытта ол қыста жұмсалған күшін қалпына келтіріп, май қорын жинай бастайды. Көбінесе аю таңертең ерте және салқын кешкі уақытта азық іздеуге шығады.
Жазда аюлар негізінен өзендер мен көлдердің жанында, қалың ормандарда және альпі шалғындарында мекендейді. Ыстық күндері олар салқын, көлеңкелі жерлерде, сондай-ақ бұлақтар мен өзен жағалауларында демалады.
Бұған дейін «Курсив» Устюрт қорығында фотокақпандардың сирек кездесетін барысты түсіргенін хабарлаған болатын.
