Елімізде 14 қыркүйектен бастап маңызды өзгерістер күшіне енеді. Енді «Отбасы банк» кезекте тұрған азаматтардың деректерін дербес деректерді жинауға және өңдеуге бөлек келісім алмай-ақ тексеріп, жаңарта алады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2025 жылдың 24 мамырынан бастап тұрғын үй кезегі банкке берілді. Осы уақыттан бері азаматтардың деректерін өзектендіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Бұған дейін барлық деректерді толық тексеру мүмкін болмады, себебі кейбір азаматтар дербес деректерді өңдеуге келісім бермеген. Енді заңнама барлық кезекте тұрған азаматтың деректерін тексеруге мүмкіндік береді.

Ең алдымен, кезекте тұру құқығына әсер ететін мәліметтер, соның ішінде тұрғын үйдің бар-жоғы тексеріледі. Егер азаматтың заң бойынша кезектен шығаруға негіз болатын тұрғын үйі болса, бұл ақпарат белгіленген тәртіппен тексеріледі.

«Отбасы банк» азаматтардың отбасы құрамын, тұрғын үйінің бар-жоғын, тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұру құқығына әсер ететін өзге де мәліметтерді тексереді. Бұл тексеріс тұрғын үй кезегінің өзекті, ашық әрі әділ болуына бағытталған.