Қазақстанда өңірлерге тұмауға қарсы 2,1 млн доза вакцина жіберіледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, халықты тегін вакцинациялау үшін 2,1 млн доза вакцина сатып алынған.

Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіле бастады.

«Вакцина Алматы, Түркістан және Жетісу облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына жеткізілді. Қалған өңірлерге вакцинаны жеткізу 5 қазанға дейін жоспарланған», — дейді министрлікте.

Вакцина жеткізілген медициналық ұйымдарда халықты иммундау жұмыстары басталды.

Вакцинациялау науқанын өткізу үшін ресейлік өндірістің «Гриппол®️» вакцинасы сатып алынды. Оның штамдық құрамы алдағы эпидемиялық маусымға арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді, дейді министрлікте.

Вакцинаны бірінші болып алатындар:

  • 01медицина қызметкерлері;
  • 02диспансерлік есепте тұрған балалар;
  • 03жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • 04медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен қызметкерлері;
  • 05эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдар.