Калифорния университетінің Лос-Анджелестегі зерттеушілері Түркияның он қоқыс полигонында 70 метан шлейфін анықтады. Олар Tanager-1 спутнигінің 2025 жылдың қаңтарынан 2026 жылдың мамырының соңына дейінгі деректерін зерттеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ең жоғары көрсеткіш Стамбул маңында
Осы нысандардағы орташа шығарындылар сағатына 841 кг-нан 7,4 тоннаға дейін болды. Ең жоғары көрсеткіш Стамбулдың батысындағы Сеймен полигонында тіркелді. Ол тәулігіне шамамен 8,5 мың тонна тұрмыстық қалдық қабылдайды. Қалдықтардың ыдырауы кезінде бөлінетін метанның бір бөлігі сол жерде жиналып, электр энергиясын өндіруге пайдаланылады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі — Түркиядағы Стамбул маңындағы свалкада байқау кезінде орта есеппен сағатына 7,4 тонна метан тіркелген.
Оператордың түсіндірмесі
ISTAC операторының өкілі Айшен Эрдинчлердің айтуынша, шығарындылар әдетте сағатына 4–6 тоннаны құраған, ал бір өлшеу 12 тоннаны көрсеткен. ISTAC басшысы Фатих Уғур бұл күні газ жинау құбырларын жөндеуге байланысты свалканың шамамен 30 гектары жабынсыз қалғанын түсіндірді. Түркияның Экология министрлігі жекелеген өлшеулер бойынша жылдық шығарындылар көлемін есептеуге болмайтынын атап өтті.
«Ірі полигондармен жұмыс істеудің өзі ел бойынша шығарындыларды қысқарту үшін зор әлеует береді», — деді Carbon Mapper маманы Тиа Скарпелли.
Ол мүмкін шаралар ретінде газ жинау жүйелерін жөндеуді және полигондарға түсетін органикалық қалдықтардың көлемін қысқартуды атады.
Әлемдік рейтингтегі орны
Climate TRACE жобасының деректері бойынша Түркия қатты қалдықтардан метан шығарындылары бойынша әлемде Қытай, АҚШ, Ресей және Бразилиядан кейінгі бесінші орында тұр. Антальядағы БҰҰ климат конференциясы 20 қарашаға дейін жалғасады.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда полигон газынан электр энергиясын өндіре алатын биогаз электр станцияларының неге аз екенін жазған болатын.
