2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген «The Finiko» құрылымдық бөлімшесінің басшысы Түркиядан экстрадицияланды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, бұған дейін осы қаржы пирамидасына қатысы бар үш адам 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылған болатын. Олардың мүлкі де тәркіленді. Ал күдікті әйел шетелге қашып кеткен.
«Оның заңсыз әрекеті салдарынан қаржы пирамидасына салымшылардың 160 млн теңгеден астам қаражаты тартылған. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тәркілеу аясында күдіктіге тиесілі құны 221 млн теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне алынды. Тергеу жалғасып жатыр», — дейді агенттік мамандары.
Айта кетері, күдіктіні Қазақстанға қайтару шараларын прокуратура органдары үйлестірген. Интерполдың Ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, оны Қазақстанға ұшақпен жеткізген.
