Анкарадан Шанлыурфаға бағыт алған AJet әуекомпаниясының ұшағы бортында жарылғыш зат туралы жазба табылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Шанлыурфа провинциясының губернаторы Хасан Шылдактың мәліметінше, ұшақ бортында 136 жолаушы және жеті экипаж мүшесі болған.

Губернатордың деректері бойынша, №4180 рейсі 5 қазанда жергілікті уақытпен сағат 19:00-де Анкарадан ұшқан. Сағат 20:05-те ұшақ Шанлыурфа GAP әуежайына қонды. Жазба табылғаннан кейін билік адамдарды қауіпсіз түсіру және бортты тексеру шараларын қабылдады.

«Ұшақтағы жолаушылар мен экипаж мүшелерін қауіпсіз эвакуациялау үшін барлық шаралар қабылданды», — деді Хасан Шылдак.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жолаушылар мен экипаж мүшелері эвакуацияланды. Ұшақты қауіпсіздік қызметтерінің мамандары тексеруде. Қолжетімді хабарламаларда жарылғыш затты іздеу нәтижелері әзірге жоқ.

Еске салайық, 30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке ұшқан flydubai FZ1073 рейсінде екінші ұшқыш капитанға шабуыл жасап, ұшақты басқаруды басып алуға әрекеттенді. Бортта 170-тен астам жолаушы мен экипаж мүшесі болған.

Жолаушылар мен экипаж мүшелері шабуылдаушыны залалсыздандыра алды. Бортта болған резервтік ұшқыш ұшақты Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук әуежайына қондырды. Екінші ұшқышты сауд билігі ұстап, кейінірек БАӘ-ге тапсырды.

Бұған дейін «Курсив» flydubai оқиғадан кейін Дубай мен Израиль арасындағы барлық рейстерді уақытша тоқтатқанын жазған. Әуекомпания тергеу қорытындылары бойынша қосымша ақпарат алғаннан кейін ұшуларды қайта бастайтынын мәлімдеді.