«Росатом» бас директоры Алексей Лихачёв Түркиядағы «Аккую» АЭС-ның құрылыс алаңына барып, бірінші энергия блогындағы құрылыс жұмыстарының аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сапар барысында «Росатом» басшысы №1 энергоблоктағы іске қосу-баптау жұмыстарының барысымен танысты. Бұл блокта құрылыс жұмыстарының толық кешені аяқталып, реактор қондырғысын суық-ыстық сынақтан өткізу кезеңіне белсенді дайындық жүріп жатыр.
«Біз құрылыс жұмыстарының аяқталғанын тіркеп отырмыз. Бүгін түнде реактордың суық гидравликалық сынақтары басталды және бұл жұмыстар бірнеше апта ішінде аяқталады. Осыдан кейін іске қосу операцияларының басталуына санаулы апталар ғана қалады. Атқарылған барлық жұмыстардың қорытындысы бойынша тексеру жүргізіліп, соңғы кезеңге қажетті түзетулер енгізіледі», - деді Лихачёв.
Ол бұл сәтті 42 шақырымдық марафон қашықтығындағы соңғы жүз метрмен салыстырды. «Қазір ең соңғы серпіліс кезеңі келді, сондықтан барлық күш-жігерді жұмылдыру қажет», - деп атап өтті ол.
Лихачёвтың айтуынша, соңғы кезеңдегі маңызды бағыттардың бірі – қызмет көрсетуші персоналдың жұмысын іске қосу. Бірінші блок персоналының саны 1930 адамды құрайды, олардың 40 пайыздан астамы – Түркия азаматтары.
