Түркияның Аланья қаласында 24 жастағы Сирия азаматы ұсталып, ол 35 жастағы Қазақстан азаматшасына қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Түрік DHA агенттігінің мәліметінше, оқиға 16 шілдеге қараған түні Гүллерпынары ауданында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, әйел Баров көшесінде ер адаммен танысқан. Одан кейін олар бірге Сахире Тюзюн көшесіндегі қонақүйлердің біріне барған.
Біраз уақыттан кейін ер адам қонақүйден шығып кеткен. Осыдан кейін Қазақстан азаматшасы 112 жедел қызметіне қоңырау шалып, өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын, сондай-ақ күдікті ұрлап кеткен делінетін ұялы телефонынан айырылғанын хабарлаған.
Аланья полиция қызметкерлері ер адамды жағалау жолында ұстаған. Полиция бөлімшесінде одан аудармашының қатысуымен жауап алынып, кейін сотқа жеткізілген.
«Сот күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Ол Аланьядағы жабық түрдегі түзеу мекемесіне орналастырылды», — делінген агенттік хабарламасында.
Бұл оқиға әлеуметтік желілердегі жергілікті қауымдастықтарда да белсенді талқылануда. Жарияланымдарда күдіктіге жыныстық зорлық-зомбылық жасады деген айып тағылғаны, ал іс бойынша тергеу жалғасып жатқаны айтылады.
Бұған дейін «Курсив» Куала-Лумпурда екі бейтаныс адаммен кездескеннен кейін паспорты мен ақшасыз қалған Томирис есімді қазақстандық әйелдің оқиғасын баяндаған болатын. Ер адамдар оған тұрғын үймен көмектесуге уәде беріп, оның орнына зорлауға тырысқан.
