Түркия Қазақстанмен сауда айналымын 15 млрд долларға дейін арттырады, деп мәлімдеді Режеп Тайып Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз барысында. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мамыр айындағы сапар және қол қойылған құжаттар

Түркия президенті биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапары барысында бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойылғанын айтты.

«Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысында өзара қарым-қатынасты нақты қадамдармен бекіте түсеміз. Біз тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниеттіміз», – деді түрік елінің басшысы.

Тоқаев Түркияны Республика күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің Республика күні қарсаңындағы жүздесу терең символдық мәнге ие екеніне назар аударып, Түркия президенті мен барша түрік халқын ұлық мерекемен құттықтады.

«Біз Өзіңізді әлемдегі аса ықпалды көшбасшылардың бірі ретінде білеміз. Сіздің ашық әрі батыл ұстанымыңыз, бейбітшілік пен әділдік жолындағы күш-жігеріңіз жаһандық деңгейде мойындалып отыр. Түрік халқының мәртебесі алдағы уақытта да асқақтай береді деп сенемін. Қазақ елі Түркияны әрқашан қолдайды және ағайын жұрттың әрбір жетістігіне шын жүректен қуанады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сауда-экономикалық байланыстар

Қазақстан президенті өзара байланыстарды одан әрі нығайтуға ерекше мән беретінін айтты.

«Мемлекеттеріміздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Біз екіжақты және халықаралық деңгейде бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп жүрміз. Сауда-экономика саласындағы қарым-қатынасымыз да күшейіп келеді. Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Бұған қоса, Анадолыдағы ағайын ұлттық экономикамызға көлемді қаржы салған басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Қазақстанда бірқатар түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Біз түрік бауырларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіп жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз», – деді мемлекет басшысы.