Түркістандағы көне қалашықтың қорғанына реставрация жұмысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлады мәдениет және ақпарат министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қабырғаны қалпына келтіру туралы шешім мониторинг нәтижесінде қабылданды. Бақылау барысында жыл сайын оның 10-15 сантиметрге ығысатыны анықталған.
Жоспарға сәйкес, шығыс қақпадан бастап 32 метр аумақ қалпына келтіріледі. Ал апатты жағдайда тұрған қабырға бөлігінің жалпы ұзындығы – 40 метр.
Қорған қабырғасы 2000 жылдары археологиялық зерттеулерге сәйкес қайта қалпына келтірілген. Бұл жолғы ғылыми-реставрациялық жұмыс кезінде іргетасы нығайтылып, апатты бөліктен алынған жарамды материалдар сақталып, солардың көмегімен қабырғаның бүлінген бөлігі қайта қаланады.
