Түркістан облысы Арыс қаласында мас күйде көлік жүргізіп, аулада отырған бір топ адамды қағып, үш адамның қазасына себеп болған әйел сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық соттың мәліметінше, сотталушыға Қылмыстық Кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі (көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 347-бабы (жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша айып тағылды.
Сот үкімімен сотталушыға түпкілікті өмір бойына көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, асырауында жас баласы болғандықтан, 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасының орындалуы 1 жыл мерзімге кейінге қалдырылды.
Еске сала кетейік, биыл 6 маусымда сағат 20:30 шамасында Арыс қаласы А.Сейтбек көшесінің бойында сотталушы алкогольдік масаң күйде автокөлік жүргізіп, үйдің сыртында орындықта отырған бір топ адамды қағып кеткен еді. Салдарынан үш адам көз жұмды, оның екеуі бала. Тағы екі адам жарақат алды.
Сотталған әйел мектепте мұғалім болып қызмет еткен. 5 қыркүйекте өткен сот жарыссөзінде айыпталушы мүгедек баласы барын айтып, ауыр жаза тағайындамауды сұраған.
