ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Түркістан облысы Алғабас ауылындағы өрттен кейін медициналық мекемелерге жеткізілген үш адам кейіннен ем-домын Шымкентте немесе Астанада жалғастыратынын айтты, деп хабарлайды qazaqyia.kz/ ақпарат агенттігі.

«— Ауруханаға жеткізілгендердің жағдайлары ауыр, бірақ тұрақты. Қыз бала мен әйел жасанды тыныс алу аппаратында жатыр. Ал ер адам өз күшімен тыныс алуға қауқарлы. Олардың барлығы шок алған және 11-12 пайыздан 30 пайызға дейін әртүрлі дәрежеде күйік шалған», — деді Т. Сұлтанғазиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.»

Оның айтуынша, зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп, аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды.

«— Санитарлық авиациямен бес маман жіберілді. Олар қазір сол жерде ем-домға көмектесіп жатыр. Барлық дәрі-дәрмек жеткілікті. Ендігі басты мақсат – олардың жағдайын тұрақтандыру, — деді вице-министр.»

Оның сөзіне қарағанда, өрттен зардап шеккен үш науқасты Шымкентке немесе Астанадағы республикалық клиникаға жеткізу қарастырылып жатыр.