Қазгидромет РМК мамандары Түркістан облысында жауын-шашынды жасанды түрде көбейту жұмыстары басталғанын хабарлады. Пилоттық жоба дәл осы өңірде іске қосылып, оның тиімділігі мен ауыл шаруашылығы аумақтары үшін әлеуеті бағаланады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Жобаның дайындық кезеңі 2020–2024 жылдар аралығындағы 39 метеостанцияның деректерін талдаумен ғылыми-зерттеу жұмыстарын қамтыды. Атмосфералық процестер мен жер бедерінің ерекшеліктерін кешенді зерттеу нәтижесінде Түркістан облысы ең перспективалы пилоттық аумақ ретінде анықталды», — деді мамандар.

Қазгидрометте технология тек табиғи жолмен қалыптасқан тік дамыған бұлттарға (Cumulonimbus) ғана қолданылатынын атап өтті. Әсер ету жергілікті және қысқа мерзімді сипатқа ие, климаттық процестерге әсер етпейді және ауа массаларының қозғалысын өзгертпейді.

Қазгидромет РМК жобаның ғылыми-метеорологиялық сүйемелдеуін қамтамасыз етеді: тәулік бойы атмосфера мониторингі, спутниктік суреттер мен синоптикалық деректерді талдау, бұлт жүйелерін бақылау, сондай-ақ түскен жауын-шашынның нақты мөлшерін бағалау.

Бұған дейін «Курсив» мамыр айының ортасында Түркістан облысында су қоймаларының толу деңгейін арттыру және Қазақстанның оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығы аумақтарын сумен қамтамасыз ету үшін жасанды жаңбыр жаудыру жобасы ресми түрде іске қосылғанын жазған болатын. Экология вице-министрі Мансұр Ошурбаев мәжіліс кулуарларында технологияны сынап көргендерін айтты.

Оның айтуынша, эксперименттерді «Қазгидромет» бақылайды.

Технологияны толық ауқымда іске асыру 2026 жылғы 17 мамырда басталды. Жоба Түркістан облысындағы 911 мың гектар егістік жерді қамтиды. Жаңашылдық БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірлесіп жүзеге асырылады.

Жұмыстарды жүргізу үшін тұзды реагенттер қолданылады, ал әлеуетті экономикалық тиімділік жылына 35 млрд теңгеге дейін бағаланады.