Түркістан облысында қоғамдық тазалық талаптарын бұзғандарға 237 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылдың басынан бастап қоғамдық орындарда тәртіп бұзғандарға әкімшілік шаралар қабылданып жатыр.
Қоғамдық орындарды ластау
«Қоғамдық орындарды ластау» бабы бойынша 5 746 әкімшілік хаттама толтырылып, 170,6 млн теңге айыппұл салынды. Оның 114,3 млн теңгесі өндірілді.
Абаттандыру қағидаларын бұзу
Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу бабы бойынша 7 978 әкімшілік хаттама толтырылды. 45,2 млн теңге айыппұл салынып, оның 31,6 млн теңгесі өндірілді.
«Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан осы бап бойынша 3784 хаттама толтырылып 21,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Бүгінгі таңда оның 11,9 млн теңгесі өндірілді. Оның ішінде, 3 395 ескерту болса, 389-ы – айыппұл хаттамасы», - деп жазылған хабарламада.
Рейдтік іс-шаралар
Өңірде рейдтік және профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Жуырда мобильді топ Жетісай, Мақтаарал және Шардара аудандарында саябақтар, скверлер және қоғамдық орындарда жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында тазалық қағидаларын бұзудың 76 дерегі анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
