Түркістан облысының Қазығұрт ауданында жеке тұрғын үйдің шатырынан 5 миллион теңгеден астам ақша табылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияға жеке тұрғын үйдің шатырынан қомақты ақша табылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері тексеру барысында 5 миллион теңгеден астам ақша салынған бірнеше пакетті тапқан.

Полицияның мәліметінше, жанашыр тұрғындар қарт әйелдің үйін жөндеп беруге ниет білдіріп, іске кіріскен. Жөндеу жұмыстары шатырға жеткенде, олар сол жерден бірнеше пакетке салынған қомақты қаражат тауып алған. Содан бірден полиция қызметкерлеріне хабар берген.

Үй иесінің айтуынша, ол қаражатты жылдар бойы жинаған. Қажетті іс-шаралар өткізіліп, барлық жағдай анықталғаннан кейін ақша заңды иесіне қайтарылады.