Түркістан облысының Төле би ауданында демалысқа табиғат аясына шыққан отбасылар кері қайтар жолда қатты нөсер жаңбырға тап болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қатты жаңбырдың салдарынан Қайнар ауылынан 20 шақырым жерде Жылық ата сарқырамасының маңындағы топырақ жол лайсаңға айналып, бірнеше жеңіл автокөлік қозғалысын жалғастыра алмады. Оқиға орнына жедел жеткен ТЖМ қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен азаматтарды эвакуациялау жұмыстарын жүргізді.

Құтқару операциясының нәтижесінде 22 адам, оның ішінде 7 бала Қайнар ауылына жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек қажет болған жоқ. ТЖМ азаматтарды табиғатқа шығар алдында ауа райын ескеруге, жол бағытын мұқият жоспарлауға және жолдардың жағдайын алдын ала нақтылауға шақырады.