Түркістан облысының Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Игілік елді мекенінде мақта майын өңдеу зауыты салынып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа кәсіпорынның құрылыс-монтаж жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Жоспарға сәйкес, кәсіпорынды 2026 жылдың III тоқсанында іске қосу көзделіп отыр. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды.
Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 50 мың тоннаға дейін мақта майын өңдеуге мүмкіндік береді. Өндіріс нәтижесінде нарыққа мақта майы ұсынылады.
Бұл, ең алдымен, ауданда өсірілетін мақта өнімін тек шикізат күйінде өткізбей, оны терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құн қалыптастыруға жол ашады, - деп жазылған хабарламада.
Жоба аясында 36 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Осылайша жаңа өндіріс жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, кәсіпкерліктің дамуына және ауданның өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етпек, дейді әкімдікте.
