Түркістан облысында мал шаруашылығы шикізатын терең өңдейтін кәсіпорын іске қосылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, кәсіпорын мал сүйектерін, оның ішінде жергілікті бордақылау алаңдарынан жеткізілетін шикізатты терең өңдеуге маманданады. Өндірістік қуаты жылына 5 мың тоннаға дейін май және желатин өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 9 млрд теңгені құрайды. Алғашқы кезеңде 2,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 30 тұрақты жұмыс орны ашылды. Кәсіпорынның бірінші кезегін ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосу жоспарлануда.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылды. Министрлікте жобаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол мал шаруашылығы шикізатын өңдеудің толыққанды өндірістік тізбегін қалыптастырады.

Бұған дейін негізінен өндіріс қалдығы ретінде қарастырылған сүйектер енді қосылған құны жоғары өнім өндіруге қажетті шикізат ретінде пайдаланылатын болады. Өндірісті одан әрі дамыту аясында инвестор шығарылатын өнім түрлерін кеңейту мәселесін де пысықтап жатыр. Атап айтқанда, мал сүйектерінен ыдыс-аяқ, жемшөп және басқа да өнімдер өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.