Түркістан облысы Түлкібас ауданында 32 жастағы бес баланың әкесін пышақтап өлтірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Желідегі мәліметтерге сәйкес, ауылдастары жігітке жабылып, оны жауыздықпен өлтірген. Марқұмның әйелінің айтуынша, ол ауруханаға жеткенде жолдасының жарақатын көріп, төбе шашы тік тұрған.

«Сіздің күйеуіңіз бе? Көріңіз», – деп бетіндегі матаны ашқанда, кеңірдектен қан атқылап жатты. Кеңірдектің үстіңгі жағына да пышақ сұғылған. Саусақтарының бәрі сынып ісіп көгеріп кеткен. Қолының екі жеріне пышақпен жарақат салған, – дейді марқұм жігіттің әйелі.

32 жастағы азаматтың өлім алдындағы сәті көше бойындағы бейнекамераға түсіп қалған. Жазбада жігітті ауылдастары жол ортасында жерге жатқызып қинағаны байқалады. Қаншама рет қашып құтылуға ұмтылғанымен, бір топ адам азаптауын тоқтатпапты.

Қара жамылған отбасы күдіктілердің бостандықта жүргеніне қапалы. Марқұмның анасы Пакизат Алтынбекованың айтуынша, күдіктілер бостандықта жүр. «Менің балам жер қойнауында, қара жерде жатыр. Қалғандарының барлығы үйлерінде тамақ ішіп, ойнап-күліп жүр. Бір баланы Шымкентке СИЗО-ға әкетті дейді. Тапсырыс берген баланы босатып жіберген. Ол үйінде тамақ ішіп, жылы төсекте жатыр», – дейді марқұмның анасы.

Түркістан облысының полициясы қылмыстық іс қозғалды дейді. «Полиция оқиғаның барлық қатысушысын анықтады, күдіктілер ұсталды. Тергеу қорытындысы бойынша барлық қатысушылардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, іс жүргізу шешімі қабылданатын болады», – дейді полиция. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.