Түркістан облысында «Шымкент-Өзбекстан Республикасының шекарасы» бағытындағы автожолда аптап ыстықтан бүлінген учаске жөнделді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

ҚазАвтоЖолдың хабарлауынша, мониторингтік жұмыстар барысында республикалық автожолдың 780 шақырымында цементбетон жамылғысының көтерілгені анықталды. Жол қызметінің мамандары шұғыл шаралар қабылдап, қысқа уақыт ішінде ақауларды жойды.

Түркістан облысында соңғы күндері ауа температурасы +44 градусқа дейін көтерілді. Ауа температурасы +40°C-тан асқанда жол жабынының температурасы +60…+70 °C-қа дейін, ал қарқынды қозғалыс учаскелерінде одан да жоғары көтерілуі мүмкін.

Жол қызметі мамандары республикалық маңызы бар жолдарды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Синоптиктердің мәліметінше, 18 шілдеде Қызылорда және Түркістан облыстарында күн 48 градусқа дейін ысиды.