Түркістан облысына барған туристер саны 43 пайызға артты, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірге 217 мыңға жуық турист барған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Оның 11 338-і шетелдік, 205 426-сы отандық турист. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,4 пайызға жоғары. Былтыр алты айда облысқа 151 мыңға жуық турист келген болатын», - деп жазылған хабарламада.

Саяхатшылардан түскен табыс та айтарлықтай өсіп, 6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңіндегі 4 млрд теңгемен салыстырғанда 147 пайыздық өсімді көрсетеді.

Ал биылғы жылдың 9 айында туризм саласына 83 млрд теңге инвестиция тартылды. Туристік инфрақұрылымды дамыту аясында бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді.

Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Қолөнершілер орталығы» ашылды. Сондай-ақ Төлеби ауданында «Paradise Villas», Түркістан қаласында «Medina Palace» қонақ үй кешендері іске қосылды.

Түркістан қаласында да ауқымды туристік жобалар қолға алынған. Қазіргі таңда аумағы 12 гектарды құрайтын, инвестициялық құны 10 млрд теңгелік ірі аквапарк кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысанды биыл пайдалануға тапсыру жоспарланған.