Құрылтай депутаттары түнгі уақытта халықтың ұйқысын бұзатын көлік жүргізушілерін анықтаудың жаңа тәсілін ұсынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде қалаларда түнгі уақытта мотоциклдер мен тюнинг жасалған көліктердің қатты дыбысынан тыныштық талаптары жиі бұзылады. Кейбіреулері тұрғын үйлердің арасына кіріп, әдейі қатты шу шығарады.
Депутат Кендебай Адамбектің айтуынша, мәселені шешудің бір жолы – шу деңгейінің шамадан тыс көтерілуін автоматты түрде тіркейтін акустикалық жүйе орнату. Ол АҚШ-та автоматты акустикалық камералар пайдаланылатынын, кей жағдайда көлікті тәркілеу де қарастырылғанын атап өтті. Германия мен Францияда түнгі рейдтер өткізіліп, арнайы жылжымалы зертханалар қолданылады.
Бұдан бөлек, депутат айыппұлдың көлемін де арттыру қажет деп санайды. Қазір түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін 5 АЕК, яғни 21 625 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
«Әділет» фракциясы ішкі істер министрлігіне бірнеше ұсыныс жолдады. Олар: түнгі заңсыз жарыстарды анықтайтын патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлардан тұрақты бірлескен экипаждар құру; көлікке заңсыз енгізілген техникалық өзгерістер толық жойылғанға дейін құқық бұзушының көлік құралын арнайы тұраққа қою; жолдағы құқық бұзушылықтарды ұсақ бұзақылық ретінде саралаудың нақты тәртібін әзірлеу.
