Алматы облысында трансұлттық қылмыстық топ құрамындағы 7 шетел азаматына қатысты үкім шығарылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты синтетикалық есірткі заттарын өндірумен және өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамындағы 7 шетел азаматына қатысты үкім шығарды. Облыс прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері 3 жасырын есірткі зертханасын анықтады.
Тінту барысында заңсыз айналымнан 90 кг астам дайын синтетикалық психотроптық заттар, 1 тоннадан астам прекурсорлар мен химиялық компоненттер, сондай-ақ оларды дайындауға арналған құрал-жабдықтар тәркіленді. Мамандардың бағалауынша, тәркіленген заттардың "қара нарықтағы" құны 1,5 млрд теңгеден асады.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдейтін бұлтартпас айғақтарды ұсынды. Қылмыстық іс құжаттарын жан-жақты зерттеу нәтижесінде сот оларға 19 жылдан 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сотталғандарға тиесілі 3 тұрғын үй мен автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленді.
Алматы қаласы мен Алматы облысының аумағында есірткі құралдарының кең көлемде таралуына және қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндірген ұйымдасқан желінің қызметі тоқтатылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
