Қазақстанда вольфрам өндіру жобасын әзірлеп жатқан Kaz Resources компаниясы 2027 жылы АҚШ-та акцияларын тікелей орналастыруды жоспарлап отыр. Ол үшін бұған дейін Гонконгтық Skyline Builders-пен келісілген бірігуден бас тартады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Дональд Трамп-кіші мен Эрик Трамп бизнесте жанама үлесін сақтайды, ол 1%-дан аз болады. The Wall Street Journal (WSJ) жазуынша, компанияны 2 млрд долларға бағалаған кезде бұл үлестің құны 20 млн доллардан аз болады. Жоба жетекшісі Пини Альтхаустың айтуынша, Трамптың ұлдары пассив инвесторлар ретінде әрекет етеді және компанияны басқаруға қатыспайды.
«Тікелей листинг – біз үшін жария компания болудың таза әрі жылдам жолы», – деді Альтхаус басылымға.
Еске салайық, бұған дейін Kaz Resources Nasdaq-қа Skyline Builders-пен бірігу арқылы шығуды жоспарлаған. Skyline Builders-ті бұған дейін Трамптың ұлдарының компаниясы мен ASP Isotopes сатып алған болатын. Бұл мәміле, өз кезегінде, демократ сенатор Элизабет Уорреннің сынына ұшырап, ол АҚШ президентінің отбасының мүдделер қақтығысы туралы мәселе көтерді.
Kaz Resources компанияның әлеуетті құнын 2 млрд доллар деп бағалайды. Оның басты активі – Қазақстандағы вольфрам кен орнын игеру жобасы, оны компания «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп жүзеге асырады («Тау-Кен Самұрық» арқылы 30% үлесті сақтап қалды). Kaz Resources бағалауы бойынша, жобалық қуатқа шыққаннан кейін кәсіпорын әлемдік вольфрам өндірісінің 15%-ға дейінін қамтамасыз ете алады.
Қазіргі уақытта компания кен орнының техникалық-экономикалық зерттеуін жүргізіп жатыр және 2030 жылы өндіруді бастауды жоспарлап отыр. WSJ деректері бойынша, Kaz Resources вольфрамды америкалық компанияларға сату туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.
АҚШ-тың жобаға қызығушылығы стратегиялық шикізаттың қытайлық жеткізілімдеріне тәуелділікті азайтуға ұмтылуымен байланысты екені атап өтіледі. Қытай әлемдік вольфрам нарығында үстемдік етеді, ал соңғы жылдары экспорттық шектеулердің күшеюі бағаның өсуіне әкелді. Пентагон қытайлық вольфрамнан бас тартуды жоспарлап, тиісті тыйымды дайындап жатыр. Сонымен қатар, АҚШ Қорғаныс министрлігі металдың американдық өндірушісіне 450 млн доллар инвестициялайды.
Вашингтон Альтхаустың Қазақстандағы күш-жігерін бұрынғы президент Джо Байденнің әкімшілігі кезінен бері қолдап келе жатқаны бөлек атап өтіледі. 2025 жылы Дональд Трамп әкімшілігі қазақстандық үкіметпен компанияға кен орнын игеруге мүмкіндік берген келісімдер жасасуға көмектесті.
АҚШ президентінің ұлдарының қазақстандық жобамен байланысы бірнеше мәміле арқылы пайда болды. WSJ жазуынша, 2024 жылы Дональд Трамп-кіші мен Эрик Трампқа ішінара тиесілі Dominari Holdings қаржы компаниясы гонконгтық Skyline Builders инфрақұрылымдық компаниясына инвестициялар ұйымдастыруға көмектесті.
Кейінірек Skyline Альтхаустың қазақстандық активтерімен бірігу туралы келісімге келді. Нәтижесінде Skyline-дың Nasdaq-тағы биржалық листингін алған Kaz Resources пайда болуы тиіс еді. Енді бұл бірігуден бас тартуға шешім қабылданды. Алайда Skyline акционерлері акцияларды орналастырғаннан кейін де Kaz Resources-тың төрттен бір бөлігінен астамына иелік етеді. Олардың қатарында Трамп отбасымен байланысты инвесторлар бар.
Бұған дейін «Курсив» 2026 жылдың мамырында Cove Kaz Capital Group LLC компаниясы Қарағанды облысындағы аттас вольфрам кен орнын игеріп жатқан «Солтүстік Қатпар» компаниясындағы 70% үлесті сатып алу мәмілесін аяқтағанын жазған болатын.
Мәміленің құны 114,8 млн долларды құрады. Компания «Самұрық-Қазына» құрылымына кіреді, жобаның қалған 30%-ы «Тау-Кен Самұрықта» қалды.
