Саясаттанушы Дулат Бәкішев АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың Иранға қарсы әрекеттерінің астарында демократия емес, жеке бастың мәселелері жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Сарапшы Оңтүстік Кореядағы университет профессоры ретінде академиялық еркіндігі барын және әрдайым бейтарап сараптама жасауға тырысатынын айтады. Алайда, оның пікірінше, шындықты айту – бәрінен маңызды.

Бәкішевтің ойынша, Трамптың соғыс ашуына бірнеше себеп болса да, ең бастысы – «Эпштейн ісі». Ол биылғы қарашада өтетін сайлау алдында осы дауды ұмыттырып, америкалық сайлаушылардың назарын өзінің кезекті «ұлы жеңісіне» аударуды көздеді.

Дәл осындай жағдай Биньямин Нетаньяхуда да бар. Ол Газадағы қанды қырғыннан назарды басқа жаққа бұрып, өзінің жемқорлыққа қатысты сотын «төтенше жағдай» жариялау арқылы тоқтатып тастады. Егер Тегеранды жеңгенде, оған көп нәрсе кешірілер еді.

««Яғни, Иранға «демократия әкелушілердің» өз ұсқындары шамалы. Маған олардың түрлері ұнамайды. Бұлар билікте біраздан бері заңсыздық жасаумен келеді. Тіпті жеңсе де, Иранда бұлар демократия орнатпайды. Мақсаттары басқа, жеке бастарына қатысты», – дейді сарапшы.»

Сонымен бірге, ол геосаяси тұрғыдан Иранның Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті. Бұл елдің тұрақты болғаны біздің қауіпсіздігіміз бен экономикалық мүдделерімізге сай келеді.

Тегеран агрессияға қарсы тұра білді. 47 жыл санкция астында отырса да, Иранның қару-жарағы (дрондар, гипердыбыстық зымырандар, жылдам катерлер) заманауи соғыс талаптарына сай болып шықты. Бұл Трамп үшін күтпеген «тосынсый» болды.

««Трамп пен Биби бұл соғысқа ішкі саяси қажеттілікпен, көп ойланбай, дайындықсыз кіріп кетті. Олар «аятолланы өлтірсек, Иран билігі ыдырайды, оңай жеңіске жетеміз» деп сағым қуды. Жеңіс үшін келсе де, бұл жердің дүкен сөресінде «жеңіс» атты тауар жоқ екен. Көбінің атауы – «ЖЕҢІЛІС»», – деп қорытындылады Дулат Бәкішев.»