АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдегі оба індеті туралы хабарламаларға қатысты пікір білдіріп, көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның сөздерін Clash Report келтірген. Алайда ресейлік билік «оба» диагнозын растаған жоқ.
«Олардың осындай жағдайға тап болғанына қатты қиялам. Бұл ауыр ауру. Білесіздер ме, бұрын біз онымен күресе алатынбыз, бірақ қалайша бұл микробтар күшейіп, ақылды болып кетті, дәл нағыз армия сияқты. Ал бұрын пневмонияға көмектескен нәрсе енді онша тиімді болмай тұр. Сондықтан біз көмектесеміз. Осындай мәселе туындаған кез келген адамға біз әрқашан көмектесуге дайынбыз. Біз Ресейге көмектесеміз», — деді Трамп.
Ол қандай нақты көмек шараларын айтқаны нақтыланбаған.
Бұған дейін «Курсив» жазғандай, оба індетінің ықтимал өршуі туралы қауесет Иркутск ғылыми-зерттеу обаға қарсы институтының 28 жастағы қызметкері Дарья Шипилованың қайтыс болуынан кейін пайда болды. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ол ауру қоздырғышы салынған пробирканы сындыруы мүмкін деген нұсқа тарады.
Роспотребнадзор бұл нұсқаны растаған жоқ. Ресми деректер бойынша, қызметкерге этиологиясы анықталмаған пневмония диагнозы қойылған. Зерттеулер оның кәсіби қызметіне байланысты микроорганизмдерді анықтаған жоқ, ал институтта патогендермен жұмыс кезінде апаттар тіркелген жоқ.
Қызметкермен байланыста болған шамамен 200 адам медициналық бақылауда. Иркутск облысы губернаторының сөзінше, оларда аса қауіпті инфекцияның белгілері анықталған жоқ.
Кремльде ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.
«Осы салада құзыретті бас ведомство — Роспотребнадзор. Әртүрлі қауесеттер мен әртүрлі пайымдауларды тыңдамай, дәл Роспотребнадзордың ресми мәлімдемелеріне сүйену керек», — деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 5 қазандағы брифингте.
Қазақстанда дезинформацияға қарсы күрес орталығы Алматыдағы Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығындағы өртті Ресейдегі оба туралы қауесеттермен байланыстыру әрекеттері туралы ескертті. Өрт 21 қыркүйекте болған. Орталық бұл оқиғаларды байланыстыру әрекеттерін манипулятивті деп атады.
