АҚШ президенті Дональд Трамп Онтарио көлін «Америка көлі» (Lake America) деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Журналистер Трамптан бұл қадаммен Канадаға қандай сигнал жібергісі келетінін сұрағанда, ол «Ешқандай» деп қысқа жауап берді.
Онтарио көлі — Солтүстік Америкадағы бес Ұлы көлдің бірі, Канада мен АҚШ шекарасында орналасқан. Бұл Ұлы көлдердің ең шығысындағы және ауданы бойынша ең кішісі: оның ауданы шамамен 19 мың шаршы шақырымды құрайды, орташа тереңдігі — 86 метр, ал ең үлкен тереңдігі — шамамен 244 метр. Көлмен бірдей атауды Канаданың орталығындағы ең халық тығыз орналасқан және экономикалық дамыған провинция да алып жүр.
Шетелдік БАҚ жазуынша, көл мемлекеттік шекарамен бөлінгендіктен (солтүстік жағалауы Канадаға, ал оңтүстік жағалауы Нью-Йорк штатына тиесілі), Трамп жарлығының заңдық күші тек АҚШ аумағы мен ресми құжаттарына ғана таралады.
Бұл қадам Вашингтон мен Оттава арасындағы сауда дауының күрт шиеленісуі және баж салығы бойынша келіссөздердің сәтсіз аяқталуы аясында жасалып отыр.
Бұған дейін Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде АҚШ канадалық Онтарио провинциясымен белсенді бизнес жүргізуді жалғастыруды жоспарламайтынын, сондықтан атауды өзгерту керектігін мәлімдеген болатын.
Канада премьер-министрі Марк Карни бұл шешімге қатаң қарсылық білдірді. Ол көлге атауды 400 жылдан астам уақыт бұрын гурон үндістері бергенін, ал канадалықтар үшін ол «мәңгілікке Онтарио болып қалатынын» атап өтті.
Бұған дейін Трамп тарифтік және сыртқы саясаты аясында Мексика шығанағын «Америка шығанағы» деп атауды бұйырған болатын.
Бұған дейін «Курсив» Трамп Канада басшылығын қатты сынға алып, канадалық саясаткерлерді «клоундар» деп атап, елге экономикалық қатынастардың елеулі нашарлауы қаупін төндіргенін жазған еді.
