АҚШ президенті Дональд Трамп Илон Масктың әрбір американдық балаға SpaceX акциясын беру идеясын қолдады. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Біздің аңызға айналған досымыз Илон Маскқа оның керемет жомарттығы үшін үлкен рахмет», — деп алғыс білдірді Трамп.

Америкалық көшбасшы атап өткендей, мұндай бастамалар үшін Trump Accounts («Трамп шоты») бағдарламасы құрылған, оның аясында балаларға инвестициялық механизмдер қолжетімді болады.

Шетелдік БАҚ жазғандай, Трамп жазда CNBC телеарнасына берген сұхбатында Масктың жомарттығына үміттенетінін жариялаған болатын. Ол басқа технологиялық көшбасшыларды (мысалы, Майкл Делл және Micron басшылығы) үлгі етіп, олар бағдарлама қорына миллиардтаған доллар салуға міндеттелгенін айтқан.

Бұған дейін Трамп SpaceX президенті Гвинн Шотвеллге компания акцияларын аз қамтылған отбасылардан шыққан 2 миллион балаға 325 миллион доллар сомасында бөлгені үшін ресми түрде алғыс білдірген. Масктың АҚШ-тағы әрбір балаға акция тарату туралы жаңа уәдесі бұл бастаманы ұлттық деңгейге шығарады.

CBS News хабарлағандай, Масктың жоспарын жүзеге асыру үшін идеалды құрал Трамп үкіметі іске қосқан бағдарлама болады деп күтілуде.

АҚШ Қаржы министрлігінің ережелері бойынша меценаттар бағалы қағаздарды балалар шоттарына капитал өсіміне салық төлемей-ақ тегін аудара алады.

Мемлекеттік бағдарлама автоматты түрде 60 миллионға дейінгі кәмелетке толмаған американдықты қамтиды және оларға мемлекеттен бастапқы 1000 доллар береді.

Илон Масктың өзі акцияларды 2027 жылы бере бастайтынын растап, бұл «осындай бастамалардың көпшілігінің алғашқы қадамы» болатынын қосты.