Түркия Ормуз бұғазына балама болатын жаңа сауда жолын дамытуға кірісті. Бұл – Қазақстан аумағы арқылы өтетін Орта дәліз. Осы жоба аясында Анкара Армениямен шекараны ашып, Еуропа мен Азия арасындағы тасымалды жандандырмақ, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл бастаманы АҚШ Президенті Дональд Трамп қолдап отыр. Financial Times басылымының жазуынша, «Трамп маршруты» (TRIPP) деп аталатын жоба Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімдер аясында жүзеге аспақ.

Түрік билігі осы мақсатта 32 жыл бойы жабық тұрған Алиджан шекара бекетін (армян жағында – «Маргара») ашуға дайындықты бастап кеткен.

««Шекараның нақты қашан ашылатынын білмейміз, күн сайын өзгеріп жатыр. Бірақ бәрі бұл жақын арада болады деп ойлайды», – дейді түрік шекарашыларының бірі.»

Ресми Анкара Ормуз бұғазы арқылы тасымалдауға қатысты тәуекелдер артқан сайын, өзін негізгі транзиттік хаб ретінде көрсетуді көздейді. Бұған дейін президент Режеп Тайып Ердоған Түркияның «тұрақтылық аралына» айналғанын және энергия тасымалы үшін ең қауіпсіз бағыт екенін мәлімдеген.

Орта дәліз – Қытай мен Еуропаны Кавказ бен Түркия арқылы құрлықпен байланыстыратын жол. Түркияның бұрынғы премьер-министрі Бинали Йылдырымның айтуынша, бұл бағыт арқылы жүк жеткізу уақыты 12–15 күнге дейін қысқарады. Ал теңіз жолымен бұл процесс шамамен 40 күнге созылады. Болжам бойынша, тасымал көлемі жылына 5 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін.