АҚШ президенті Дональд Трамп Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктер аясында Парижді ел шекарасын жабуға және жағдайды бақылауға алуға шақырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында иммигранттарды тәртіпсіздіктерге кінәлі деп мәлімдеді.

«Франция жанып жатыр! Мүлде басқа әлемнен келген, жүректерінде өшпенділік ұялаған адамдардың иммиграциясы бір кездері ұлы болған елді қиратты. Тым кеш болмай тұрып, шекараларды жабыңдар және жағдайды бақылауға алыңдар!» — деп шақырды Трамп.

Айта кетейік, өмір сүру құнының қымбаттауына қарсы наразылық шерулері мен погромдар Париж, Марсель, Лилль, Ницца және басқа да ірі қалаларды қамтыды. Олар құқық қорғау органдарымен қақтығыстар, ғимараттарды өртеу және дүкендерді тонаумен қатар жүрді.

Франция Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша, құқық қорғау органдары 1200-ден 1800 адамға дейін ұстады. Тәртіпсіздіктерді басу барысында кемінде 150 полицей мен жандарм жарақат алды.

Франция президенті Эмманюэль Макрон күш құрылымдарына толық қолдау білдіріп, барлық кінәлілерді жауапкершілікке тартуға уәде берді.

Бұған дейін «Курсив» Франция мен Италияда наразылықтар жалғасып жатқанын жазған. Қираған шатыры бар мэрия, тоналған дүкендер және ондаған зардап шеккендер — қымбатшылыққа қарсы акциялардан кейінгі тәртіпсіздіктердің салдары осындай болды.