АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жеңімпаздарына Кубокты жеке өзі табыстауға ниетті екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Менің ойымша, Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино фантастикалық жұмыс атқарды. Иә, ол маған кубокты табыстауды өтінді», — деді ол Ақ үйде НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездесу кезінде журналистерге.
Aljazeera жазғандай, Джанни Инфантино американдық Fox News телеарнасының эфирінде бұл ақпаратты ресми түрде растады. Оның айтуынша, олар бірге финалдық матчқа барып, басты жүлдені табыстау үшін сахнаға көтеріледі.
Бұған дейін турнирдің шешуші ойыны 2026 жылғы 19 шілдеде, жексенбі күні өтетіні хабарланған болатын. Ойын Нью-Джерси штатындағы Ист-Ратерфорд қаласындағы «Метлайф» стадионында (мундиаль кезінде ресми түрде Нью-Йорк Нью-Джерси Стадиум деп аталған) өтеді.
Трамп бұған дейін де осындай рәсімге қатысқан болатын. 2025 жылғы шілдеде дәл осы «Метлайф» стадионында ол жаңартылған Клубтық әлем чемпионатының финалында жеңіске жеткен лондондық «Челсиді» марапаттаған еді. Бұл сәт көптеген дау тудырды, себебі Трамп сахнадан ұзақ уақыт кетпей, мерекелеп жатқан ойыншылармен белсенді түрде суретке түскен болатын.
2026 жылғы әлем чемпионатының өзі алғаш рет кеңейтілген форматта 48 құраманың қатысуымен АҚШ, Мексика және Канада аумағында өтіп жатыр және қазір топтық кезеңнің қызған шағында.
Бұған дейін «Курсив» Швейцарияның Канаданы жеңіп, ЧМ-2026 плей-оффына бірінші орыннан шыққанын жазған болатын.
Ал Босния және Герцеговина Катарды жеңгенімен, ЧМ-2026 В тобында үшінші орында қалды.
