АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жөнінде Вашингтонның өз ұсынысы бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Трамп бұл ұсыныстың нақты қандай екенін ашып айтпады. Алайда ол бұған дейін өзінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнердің сенбі күні Мәскеуге жоспарланған сапары барысында Украинадағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған ұсыныстарды Ресей тарапына таныстыратынын айтқан болатын.

"Біздің (АҚШ-тың – ред.) бейбітшілікке қол жеткізу жөнінде өз идеямыз бар", - деді Трамп журналистерге Ақ үйде. Америка басшысы бұл сөзді журналистің "АҚШ-тың жаңа ұсынысы Киевтің аумақтық тұрғыдан қандай да бір жерден бас тартуын қарастыра ма?" деген сұрағына жауап ретінде айтты.

Бұл — Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы аясындағы соңғы оқиғалардың бірі. АҚШ-тың арнайы өкілі Украинадағы қақтығысты реттеу туралы ұсынысты Мәскеуге жеткізетіні бұған дейін хабарланған болатын.